Шейх Сүлейман Хилми Тунахан (қ.с.) кім?
Шейх Сүлейман Хилми Тунахан (қ.с.) кім?

Шейх Сүлейман Хилми Тунахан (қ.с.)

Бүгінде шәкірттері әлемнің көптеген еліне тараған, Осман империясының соңғы дәуірі мен Түркия Республикасы құрылған алғашқы жылдарда өмір сүрген діни қайраткер, Әһл-і Сүннет ғұламасы, ханафилік ғалым, ағартушы ұстаз Сүлейман Хилми Тунаханның кім болғандығын, оның өмірбаянын біреу білсе, біреу білмейді. Сол үшін тарихи деректерге сүйене отырып,оның өмір тарихын зерделеп көрмекпіз.

Аты-жөні мен шыққан тегі

Шейх Әбул-Фаруқ Сүлейман Хилми Тунахан Силистрауи. Ол 1888 жылы, кезінде Осман империясының құрамында болған, қазіргі Болгарияның Дунай (Туна) өзені бойындағы Силистра аймағының Разград қаласына қарасты Ферхатлар (қазіргі Делчево) ауылында дүниеге келген. Әкесі – Ыстамбұлда жоғары діни білімін тамамдаған, өз кезеңіне танымал, үлкен мүдәррис (аға оқытушы) Осман (1845-1928) деген кісі болған. Анасың аты – Хадиша. Ал атасы – Қаймақ Хафиз деген атпен танымал әйгілі қари кісі еді. Қожа тегінен шыққан Сүлейман Хилми Тунаханның ата-бабасы «ұстаздар әулеті» деп танылып, арғы атасы – Ыдырысбекке барады. Кезінде әлемге әйгілі Фатих Сұлтан Мұхаммед Хан осы Ыдырысбекке өзінің қарындасын тұрмысқа беріп, оны Дунай (Туна) өңірінің ханы етіп тағайындаған. Сондықтан тегі Тунахан деп аталып кеткен.

Ілім алу жолы

Сүлейман Хилми Тунахан білімін ауылындағы Силистире Рушдияда (орта мектепте) бастап, ол мектебін 1902 жылы бітірген. Сол бітірген жылы Сатырлы медресесіне түсіп, белгілі дәрежеде арабша тіл білімдерін меңгереді. Әрі қарай Ыстамбұлдағы жоғары Ислами білім беретін медреселерде (сол заманның университеттері) білім алуға келеді. Ол Ыстамбұлдағы тарихи ғылыми орталық саналатын Фатих мешітіндегі ағартушы ғалымдар құрамындағы Ислам құқық саласының әйгілі ғалымы Ахмад Хамдидан ілім алады. Осы оқу ордасында 1913 жылға дейін білім алып, «Улум-у Әлия» деп аталатын араб тілі мен әдебиеті, логика, пікірталас, уағыз сияқты ілімдерді және «Улум-у Алия» деп аталатын тәпсір негіздері, хадистану негіздері, фиқһ негіздері, тәпсір және хадис сияқты жоғары ілімдерді игеріп, ең жоғарғы бағамен  Фатих медресесінің ижазасын (дипломын) алады.[1]

1913 жылдары бұрынғы медреселерді қайта жаңарту үрдісі жүре бастағанда жаңа оқу жүйесіндегі «Дарул-хилафат әл-алия» атты медресе құрылды. Бұл медресе төрт басқышқа бөлінетін. Біріншісі – төрт жылдық орта білім беретін бөлім. Екіншісі – төрт жылдық институттық жоғары білім беретін бөлім. Үшіншісі – Ислам ілімдерін арнайы мамандандыра оқытатын төрт жылдық жоғары білім беру бөлімі. Төртіншісі – «мәдрасатул-мутахассисин» деп аталатын екі жылдық арнайы ғылыми дәрежедегі (қазіргі тілмен айтқанда докторлық деңгейіндегі) бөлім. Алдыңғы үш бөлімін бітіргендерге шаһадатнама (куәлік), ал соңғы бөлімді бітіргендерге арнайы ижаза (диплом немесе ғылыми атақ) берілетін. Сүлейман Хилми Тунахан осы медресенің бірден үшінші бөліміне түседі. Өйткені Фатих медресесінде алған білімі мен дипломы ескерілген. Ол жоғары дәрежелермен 1916 жылы аталған үшінші және төртінші бөлімді бітіреді. Осылайша ол ислам ғалымы дәрежесіне ие болады.

1917 жылы Шейхул-исламдыққа Мұса Қазым келгеннен кейін, медресенің білім беру жүйесіне тағы да өзгеріс еніп, бұрынғы «Мадрасатул-мутахассисин» деп аталатын төртінші бөлімнің оқу мерзімі үш жылға ұзарып, аты «Сүлеймания медресесі» деп өзгертілді. Сүлейман Хилми Тунахан «Сүлеймания» медресесінің үшінші жылдығына қабылданады. Оны да озат бітіріп, бірінші дәрежелі ижазатнама алады.[2]. Осымен қатар ол Хафыз Ахмед Паша медресесінің тәпсір және хадис бөлімінде қосымша білім алып жатқан болатын. Ондағы берілетін дәрістер қысқаша,  Тәпсір шәриф, Хадис шәриф, Усулу хадис уә нақд әр-рижәл, Табақат әл-құрра уә-л муфассирин және рисәлә (докторлық диссертация) болатын. Ол кезде медресе бітіргендер қатыса алатын «имтихан ар-руус» деген емтихан жүргізілетін. Сүлейман Хилми Тунахан хазірет осы емтиханнан өтіп, өз кезіндегі жоғарғы академиялық атақ саналатын «Ыстамбұл бас мұдәррисі» деген атақ алады.[3]

Ол осыдан кейін Сұлтан Абдулмажит Ханның уақытында, 1854 жылы қазыларды дайындау үшін ашылған «Мәдрасәтул-құзат» (Құқық факультеті) атты оқу орнына түседі.[4] Ол осы оқу орнына емтихан тапсырып, жақсы көрсеткішпен сәттілікке қол жеткізеді. Бұл қуанышын әкесіне хат арқылы білдіреді. Әкесі жауап бере келе: «Сүлейман! Мен сені тозаққа жіберу үшін Ыстамбұлға аттандырған жоқпын» – деп, қазылықтың ауыртпашылығы мен жауакершілігін ескертеді. Сонда ол мақсатының қазы немесе әкім болу емес, Ислами құқық ілімдерін жете меңгеру екендігін білдіреді. Шынында да, кейін ешқашан қазы болуға талпынбаған. Мәдрасатул-құзатта: Молла Хусраудың «Дүрар» атты еңбегі, Мәжәллә, Фараиз (мирас ілімі), Табақат аш-Шарғия, Саққи шәриф, Дәфтарул-қассам, Ахкам уә низамат әл-ауқаф, жер заңы, құрлық аралық сауда-саттық заңы, теңіздік сауда-саттық заңы, халықаралық сауда-саттық заңы, ижра (жалға беру-жалдау) заңы, усулу махкама әл-хуқуқия, усул махкама әл-жазаия уә-с сулх, Танзиму иламатил-хуқуқия,...т.б. Исламдағы құқық саласына қатысты ілімдер берілетін.[5]

Аталған оқу орындарын бітірген кісіні ғұлама деп атамау мүмкін емес еді. Ол шариғат және ислам құқығы саласында белгілі дәрежеде ілім иеленген өз кезеңінің ең білікті тұлғаларының бірі болды.

ИжазатнамасыОқыған дәрістері

Діни қызметі мен еңбегі

Ол аталған оқу орындарын бітіргеннен кейін, Патша бұйрығымен 1920-1921 жылдары «дәрсиғам» деп аталатын кез-келген мешіт-медреседе дәріс жүргізе алатын, ұстаздық қызметін бастайды. 1922 жылы «Дар әл-хилафат әл-алия» медресесінде ұстаздыққа тағайындалады. Осы қызметтерін 1924 жылға дейін жалғастырады. 1924 жылы атышулы «таухиди тәдрисат (Біріңғай оқу жүйесі)» заңы жарияланып, медреселер алдымен ұлттық білім министрлігіне қаратылып, кейін түгелдей жабылуына байланысты медресе ұстаздығынан алынады. Әрі қарай «Дәрсиғамдық» қызметін жалғастыра береді.

Бірақ, ол ижаза алғаннан кейін Осман мемлекеті құлап, медреселер жабылып, діни дәрістер мектептерде бір сабақ ретінде ғана берілетін болады. Кейіннен діни сабақ түгелдей тоқтатылады. Әліпби ауысады, Республика құрылып, жаңа заң күшіне еніп, реформа жүреді. Осы кезде бұрынғы мүдәрристер өз қызметтерінен айрылып, мемлекеттің заңына бойұсынуға мәжбүр болады. Діни оқу-ағарту ісінің тоқтап қалуына алаңдап, ұсыныс білдіру былай тұрсын, жан сақтап қалу басты уайымға айналады. Жаңа заңның бостандыққа тұсау салуына қарсы болғандар «Республика жауы» деген атпен қудалана бастайды. Осы кезде Сүлейман Хилми Тунахан, мүдәрристер бірлестік ұйымындағы  520 әріптесіне соңғы ұсынысын былай білдірген: «Құрметті Мүдәрристер, ұстаздар қауымы! Сіздер елдегі дінді ұстап қалатын адамдарсыздар. Екіден, үштен болса да, шәкірт оқытып, оларға дінін үйретсеңіздер, кемінде 50 жыл, бір-екі буынға дейін елдегі Исламның өмірін ұзарта аласыздар. Егер бұлай жасамасаңыздар, ақыретте Алланың алдына барғанда жауап бере алмайсыздар!». Мемлекеттің саясатынан именген әріптестерінің көбі бұған құлықты бола қоймайды. Ол осыдан кейін біраз кісінің қолын жинап үкіметке ұсыныс телеграммасын жолдайды. Бірақ берілген жауап: «Мемлекетімізде «таухиди тадрисат» заңы жүруде, бұған қарсы шыққандар қатаң жазаланады»,– деген қысқаша жауап келеді. Оған қоса, беріліп келе жатқан жалақы мөлшері де бірден төмендеп кетеді.

Ол имам-хатиб мектептерінің қызметкерлігіне шақыруды қабылдамай, жалақысы мардымсыз болса да, бұрынғы уағыз айту қызметін жалғастыра береді. Бұл қызметіне де кейбір жылдары тыйым салынған. Әріптестерінің кейбіреуі ұстаздықты тастап кетсе, біреулері жалақыға тәуелді болып мемлекет қызметкері болуды қабылдайды. Сол кезде еш қымсынбастан, оларға: «Мырзалар! Ұстаздық кәсіп көзі емес, нан табудың жолы да емес. Ұстаздық – Алланы және Пайғамбарын, кітабын және қасиетті дінін халыққа жеткізетін үлкен жауапкершілік пен міндетті борышымыз!» – деп ашық ескертеді.

Ол 1926 жылы туған жері Силистраның Фархатлар ауылына бірінші рет барып қайтады. Ілім алуға аттанған жылдары бұл жерлер Осман мемлекетінің территориясына жататын, енді жат елдің аумағында қалып қойған. Жанталаса, бар ынта-ықыласымен алған білімдерін халқына үйрететін тұста мынадай жағдайлар орын алды. Өткен тәтті де, қызықты күндерін еске алып, ауыл адамдарымен ұзақ әңгімелесіп қайтқан еді. Екінші рет туған жеріне,әкесі қайтыс болғаны туралы хабар келгенде 1928 жылы барған.

Ол ендігі өмірін шәкірт оқытумен өткізуге бел байлайды. Бірақ, биліктің саяси қысымының үрейі билеген ол кезеңде шәкіртте табыла қоймайтын. Оқытып, жаздыру түгілі адамдар «Алла» деп айтудан қорқатын. Өз бала-шағасына да дінді үйрете алмайтындай күн туып еді. Көптеген ұстаздар ұстаздығын, мұсылмандар мұсылмандығын жасыруға мәжбүр болды. Оқытуға шақырса, тіпті үрке қарап, қашатын халге жетті. Бұл жағдай білген адам үшін өте қорқынышты болатын. Жағдай біршама жақсарған кездері: «Бір уақыттар болды, депутаттың айлығын беріп шәкірт оқытпақшы болдым, бірақ, оқитын адам таба алмадым. Ақшаны ала салып қашатын, өйткені қорқатын еді. Бұл ғылымдар жер бетінен жойылып кете ме деп, қорыққан едім....» - деп қиын күндерін еске алатын. Алған ілімі мен өзіне түскен жауапкершілікке іші-бауыры езіліп, қатты қынжылып, тым болмаса қыздарымды оқытайын, олар балаларына үйретер деген оймен қыздарын оқытады. Кейінірек аздаған мүмкіншіліктер туа бастайды. Алғашында мектеп жасындағы жастарды оқыту мүмкін болмағандықтан, жасы ұлғайған адамдардан, жұмысшылар, қызметкерлер мен саудагерлердің арасынан кейбір кісілерді оқыта бастайды. Бұл кездерде өзіне қарсы үздіксіз қадағалау мен аңду жүріп жатқан еді. Сонда да, жеке басының қамын емес, Үммет-і Мұхаммедтің халін ойлап, Алла үшін, Дін үшін еш нәрседен тайсалмай, тапқан уақытын шәкірт оқытуға арнайды. Ол бір сөзінде: «Біздің аялдайтын уақытымыз жоқ. Мұхаммед үмметі тозаққа қарай селдей ағылып жатқанда, оны тамашалап тұра алмаймыз. Бұл селден нені қармап қалсақ, сол біздің олжамыз», – деп, алмағайып заманның сол кездегі күйін білдіріп, халыққа дінін үйретудің маңыздылығын аңғартады.[6]

Жаңа тәртіппен дайындаған әліппесі

Ұстаздық қызметінен алып тастау, жалақысын қысқарту сияқты істер нәтиже бермегесін, бірінші рет 1939 жылы тұтқындалып, тергеуге алынады. Бірақ ашық айыптайтын айғақ табылмағандықтан, сот үкімімен кінәсіз деп танылып, босатылады. 1943 жылы уағыз жүргізу құқығынан айырады. 1944 жылы тағы тұтқындалып, 8 күн бойы азапталады, бұл жолы да сот үкімі бойынша босатылады. 1948 жылы дін істері бөліміне бұрынғы уағыз айту құқығын беруді өтінеді. Бірақ рұқсат берілмейді. 1949 жылдары дінге сәл жақындығы бар Аднан Мендерес бастаған Демократтар партиясы билік басына келгеннен кейін Құран курстарын ашуға азырақ мүмкіндік бола бастады.1950 жылы көптеген өтініш арыздардан кейін уағыз айту құқығы қайта беріледі. 1951 жылы Мұстафа деген кәсіпкердің Чамлыжа деген жердегі үйінің бірінші қабатында алғашқы медресесі ашылды. Осыдан кейін, Азиз Махмуд Худаи кесенесінің жанында орналасқан алғашқы медресесін мемлекеттік арнайы рұқсатпен, 1952 жылы  ашады. Бұл медреселерде Сүлейман Хилми Тунаханнан екі-үш ай ғана оқыған шәкірттері мүфтилік емтихандарына қатысып, жоғары көрсеткіштерімен жұртты таң қалдыратын. Оқытқан шәкірттері Түркияның түкпір-түкпіріне таралып, имамдық, ұстаздық етіп, шәкірт оқытып медреселер аша бастайды.

Мемлекеттің аздаған қолдауына қарамастан кейбір партия өкілдері бұл іске өзіндік кедергілер келтіріп, қиындықтар туғызатын еді. Олар діни дәрістерінде саяси астар іздейтін. Бірақ, көптеген барлаушылар ізіне түсіп аңдумен болса да, ешқандай саяси мақсат пен іздерді таба алмайды. 1956 жылы мешіттердің біріндегі уағыздары арасында ол, ағылшындар тарапынан Алжирдегі мұсылмандардың жаппай қырғынға ұшырап жатқандығын меңзеп: «Тым болмаса, дұға-тілек жасап, Алжирлік мұсылмандарға өз көмегімізді жасайық!» – деп жамағатты дұға қылуға шақырғаны үшін талай рет тергеуге алынады.

1957 жылдары Сүлейман Хилми Тунахан Республикашыл Ұлттық партияны жақтайды деген сылтаумен Ыстамбұлдың бірінші дәрежелі қылмыстық соты оның соңына түседі. Ыстамбұл мүфтилігінен оның заң бойынша мүфтиятта тіркеліп-тіркелмегендігі туралы және уағыз жүргізу құқығының қаншалықты заңды екендігін тексеріп беруді сұрайды. Бірақ бұл тұрғыда ешқандай кемшілік таба алмайды. Алтынташ (деген ауданның) имамы Деміржі Мұстафаны тұтқындап, одан Сүлейман Хилми Тунахан туралы өздері ұсынған жауапты беруді талап етеді. Ол ондай жауап беруден бас тартады. Соңында таң атқанша соққы мен қинауға шыдай алмаған имам ақыры талап етілген арызға қол қоюға мәжбүр болады. Осыны сылтау етіп, Күтахия (облыс орталығы) түрмесіне қамайды. Ұйқысыз тергеулер мен азапты қинаулар арқылы есінен тандырумен шектелмей, есін жия салысымен қайта қинайды. Бірақ өздеріне керекті жауапты ала алмайды. Күтахия полиция департаментіндегі тергеуден кейін, 69 жасында тұтқындалып, 59 күннен кейін тергеушінің өлім жазасына кесу туралы қаулысымен сот құзырына шығарылады. Алайда бұрынғы оқиғалар секілді қатаң айыптауға себеп болатындай айғақ және куәгерлер болмағандықтан 1957 жылы 29 тамыз күні кепілдікпен босатылып, сол жылдың 8 қарашасы күні сот үкімімен толыққанды ақталып шығады.

Босатыла салысымен тынығып демалмай жатып тіке Ыстамбұлға тартып,шәкірттеріне дәріс беруін жалғастыра береді. 1936 жылдан бергі тұтқындаулар мен тергеулер, әр күнгі бақылау мен аңдуға, меңдеткен сырқатына қарамастан өмірінің соңғы сәтіне дейін төрт рет қоғамдық көлік ауыстырып баратын жердегі шәкірттеріне сабақ беруден бір тынбаған.[7]

Ол соңғы рет Топчылар деген медреседе Құран Кәрім хатымын оқытқаннан кейін шәкірттеріне өзінің мәңгілік сапарға аттанатынын білдіріп: «Енді қайтып көрісе алмаспыз. Ендігі жүздесуіміз ақырет күнінде, махшарда болар», – дейді. Шығып бара жатып қайта артына бұрылып: «Сіздерді тағы бір рет көріп алайыншы», – деп қимастықпен көз алмай қарап, біраз тұрды да, жолға түсті. Осыдан санаулы күндерден кейін 71 жасына қараған шағында пәни дүниемен қоштасты. Бұл 1959 жылдың 16 қыркүйегі болатын.[8] Дінді өздеріне қауіп деп санайтын опасыздар қайтыс болса да, тыныштық бермей, алдын-ала рұқсат етілген, көптеген ұстаз ғалымдар жерленген Ыстамбұлдағы Фатих қабірстанынажібермей, жамағаттың алдын әскери күшпен тосып, зорлықпен ҚаражаАхмет (деп аталатын кішігірім зират) қабірстанына жерлеуге мәжбүрледі.[9]

Артында мұрасы болып, мыңдаған шәкірттері мен жүздеген медреселері қалған еді. Діннің шынайы жанашырларының қадір-қасиетін өз кезіндегі адамдар бағалай білмеген. Мұндай қиын жағдайды Имам Ағзам, Ахмад бин Ханбал (р.х.) сияқты мәзһаб имамдары да бастан өткізген.

Қабірі

Ұстанған жолы мен мақсаты

Оның ұстанған жолы мен мақсаты тек мұсылман халықтың өз құндылығынан, дінінен әдет-ғұрпынан айырылып қалмауы үшін рухани имандылық тәрбие беру арқылы ұрпақты сақтап қалу болатын. Имандылығы болған кісіде ғана нағыз еліне, халқына деген жанашырлық болады. Ол шәкірттеріне амалда Ханафи мәзһабы, сенімде Матуриди мәзһабының ең таңдаулы, ғасырлар бойы тәжірибеден өткен, қысқа да нұсқа мазмұндағы еңбектерді оқытқан. Ол бір сөзінде шәкірттеріне: «Бұл міндетті ары қарай сіздер жалғастыратын боласыздар. Жалғастыруға міндеттісіздер. Егер бұлай етпейтін болсаңыздар, ақыретте мына қос қолым жағаларыңызда болады. Қандай қиыншылық болса да, шәкірт оқытуды тоқтатпаңыздар. Тау басында жүріп, бір кісі жолықтырсаңыздар да,оған Құранды және дінді үйретіңіздер!», – деген болатын.

Сүлейман Хилми Тунахан хазреттен осыншама ілім иесі бола тұра, неліктен көлемді еңбектер жазбауының мәнісін сұрағанда ол: «Бұрынғы өткен ғұламалардың шам жарығында көз майын тауысып жазған баға жетпес қазына саналатын еңбектерінің жерге көміліп, шіріп жатқанын, қағаз бағасында сатылып, қоқысқа айналып бара жатқанын, бір бөлімінің кітапханалар сөресінде шаң басып, қараусыз қалып, жойылып кетуге бет алғанын көрдім. Медреселері жабылып, жазуы өзгеріп, діни ілімдері көзден бұлбұл ұшып бара жатқан мынау заманда кітап жазудан гөрі, сол жазылған ғылыми еңбектерді оқып түсіне алатын, оқыта алатын қағаз бетіндегі ілімді жүректерге құятын шәкірттер, яғни тірі кітаптар жетілдіруді абзал санадым», – деген екен.

 Рухани ұстазы қазіргі Қырғызстанның Ош өңірінен шыққан Салахуддин ибн Мәулана Сиражуддин (1843-1910) болатын. Ол халықты тура жолға шақыру үшін 36 жас шамасында өз атасының ізбасары Қожа Ишаннан және әкесінен бата алған. Осы кездері қажылыққа барған сапарында Мұхаммед Мазһар Ишан Жан-Жанан әл-Мәдәни қожадан екінші рет ұстаздық ету үшін бата (ижаза) алады.  Ол 1892 жылдан 1902 жылдарға дейін Шығыс Түркістанның Яркент және Хотан өңірлерінде болады. Бұл жылдары Фарғана аймағында орыс отаршылдарының қысымы жүріп жатқан еді. 1907-1910 жылдары аралығында Стамбулға бірнеше рет барып, Адулхамит ханның қабылдауында болады. Осы кездері ол Сүлейман Хилми Тунаханмен көп уақыт бірге болып, өзіне жүктелген міндетті ары қарай жалғастыруды тапсырып, туған жері Ошқа келгеннен кейін қайтыс болады.

Ұлағатты сөздері

Сүлейман Хилми Тунаханның шәкірттеріне айтқан ақыл-кеңестері мен ұлағатты сөздері:

«Біздің жолымыз – Иман, Ислам және Мұхаммади мінез-құлықты бойға сіңіре білуден тұрады». «Біздің дүние-мүлік, атақ-абырой, мансап, саясат, талас-тартыс, дау-дамаймен еш қатысымыз жоқ». «Өсиет етіп айтайын, алауыздыққа түсіп бөлінбеңіздер, қауымшылдыққа бой алдырмаңыздар, әһлі сүннеттен тыс, басқа жолдарға түсіп адасып кетпеңіздер!».

«Әр қашан ынтымақ пен бірлік керек. Жетістікке жете білу үшін әр бір мәселеде ауызбіршілік пен ынтымақтастықты қолдан жібермеу керек. Өйткені Алланың жәрдемі, рухани әрі материялдық көмегі, көпшілікпен бірге болады. Топтасып жұмыс істегендер аз уақыт ішінде мұның жемісіне қол жеткізетін болады».

«Дінді дүние табудың көзі етіп алған молда-қожалар халықты өздерінен суындырып алды. Бір нәрсе алса бермейді деп кәсіпкерлер жылы жүз танытпай, қашқалақтай бастады. Сіздер олай етуші болмаңыздар. Дүниелік пайданы рухани байлыққа айырбастамаңыздар».

«Мына дүниенің бейнетінен зейнетіне кезек келмейді. Салғырттыққа салынбай ілім алуға тырысыңыздар. Өткен күн қайта айналып келмейді. Ілім – Алланың нұры... Күнә мен қараңғылық басып кірлеген денеге, жүрекке ілім тұрмайды».

«Шариғат үш нәрседен тұрады: Ілім, амал және ықылас. Бұл үшеуі бірге орындалмайынша, шариғат кемелденбейді. Ал шариғат кемелденсе, Алланың ризашылығы пайда болады. Алланың ризалығы дүние мен ақыреттің бақытына жеткілікті. Тариқат пен хақиқат ықыластың кемелденуіне көмекші. Сол үшін, «тариқат пен хақиқат шариғатқа қызмет етуші», – делінген. Бұларды ұстанудың мақсаты – шариғатты кемелдендіру ғана, шариғат шеңберінен тыс ешқандай әмірі жоқ».

«Нағыз дін жанашырлары өздерін көрсетуге атағын шығаруға талпынбайды. Дініміздің құндылықтарын бағалай білуге, азып-тозып құрып кетуден сақ болуға шақырады. Олардың көздеген бір ғана мақсаты бар, ол -  Мұхаммед үмметін тура жолға бастап, діннің көркейіп, гүлденуіне өз үлесін қосу. Алла жолына қызмет ете білуді баға жетпес байлық деп есептейді. Осындай талай-талай ата-бабаларымыз өткен, Алла Тағала олардың мәртебесін асқақтатып, дәрежелерін арттыра берсін!»

«Уа Ислам жамағаты! Біз өмірде тірі тұрғанда, Алла Расулінің Сахабаларына жала жауып,оларға жалғандық күйесі жағылады деп ойлайсыздар ма? Олай ойламаңыздар! Өйткені Біз Әһл-і Сүннет жамағаты тіріміз!»

Алла Тағала сүйікті құлдарына және бүкіл мүміндерге осындай ғұлама құлдарының шапағатын нәсіп етсін!

 



[1]Диянет ишлери башканлыгы сижил аршиви, № 23-0383, Сүлейман Хилми Туанахан жеке іс парағы.

[2] Профессор Ахмед Акгүндүз, Силистрелі Сүлейман Хилми Тунахан, Стамбұл, 1997, ОАВ. 25-35-беттер.

[3] Жаридатул-ғилмия, рибиғул-әууәл, 1337 ж. 1197-бет (Башбаканлык Османлы аршиви)

[4] Диянет ишлери башканлыгы сижил аршиви, № 23-0383, Сүлейман Хилми Туанахан жеке іс парағы.

[5] Стамбұл мүфтилігі, Мәшихат мұрағаты.

[6] Профессор Ахмед Акгүндүз, Силистрелі Сүлейман Хилми Тунахан, Стамбұл, 1997, ОАВ. 44-68 беттер.

[7] Профессор Ахмед Акгүндүз, Силистрелі Сүлейман Хилми Тунахан, Стамбұл, 1997, ОАВ. 70-80-беттер.

[8] Дін істері басқармасы, № 23-0383 Сүлейман Хилми Тунахан.

[9]Нәжип Фазыл Кысакүрек, Дин Мазлумлары, Стамбұл, 1978, 274-284-бет. 

Шайхыслам АлтынбекШайхыслам Алтынбек
7 лет назад 30978
0 комментариев
О блоге